2017 жылғы 15 желтоқсандағы № 806 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу ережелері

      «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев
 Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 806 қаулысымен
бекітілген

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың объектілері) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар мынадай салалардағы қатынастарға қолданылмайды:

      1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалау;

      2) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу;

      3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу;

      4) сот төрелігі;

      5) жедел-іздестіру қызметі;

      6) қылмыстық-атқару қызметі;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу объектісінің бірінші басшыларының, олар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқаратын немесе олардың лауазымдарын алмастыратын адамдардың мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен шешімі (бұдан әрі – бірлескен шешім) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу үшін негіздеме болып табылады.

      4. Бірлескен шешім:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін зерделеу нәтижелерінің;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісінің бастамашылық өтінішінің және оны өткізу туралы уәкілетті органның шешімі;

      3) Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі тапсырмаларының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың шешімдері мен ұсынымдарының негізінде қабылданады.

      5. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды 30 жұмыс күнінен аспайтын кезеңде, уәкілетті органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу объектісінің бірінші басшыларының бірлескен шешімімен құрылатын жұмыс тобы жүргізеді.

      6. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу мынадай кезеңдерді:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген бағыттарға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісіне қатысты ақпаратты жинауды, қорытуды және талдауды;

      2) осы Қағидалардың 101112-тармақтарына сәйкес талдау анықтамасын жасауды, келісуді және қол қоюды қамтиды.

      7. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

      8. Сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мынадай:

      1) персоналды басқару;

      2) мүдделер қақтығысын реттеу;

      3) мемлекеттік қызметтер көрсету;

      4) рұқсат беру функцияларын орындау;

      5) бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру;

      6) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелерді зерделеуді қамтиды.

      9. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу үшін ақпарат көздері:

      1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілер;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісі ұсынатын оның бағыттары бойынша мәліметтер;

      3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау бағыттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ақпарат жүйелерінен алынған деректер;

      4) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісіне қатысты мемлекеттік органдардың бұрын жүргізген тексерулерінің нәтижелері;

      5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау бағыттарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

      7) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісіне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;

      8) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын анықтау және оны жасағаны үшін жауаптылыққа тарту туралы мәліметтер;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де мәліметтер болып табылады.

3-тарау. Сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары

      10. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша:

      1) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпаратты;

      2) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсынымдарды қамтитын талдамалық анықтама әзірленеді.

      11. Талдамалық анықтама жұмыс тобының барлық мүшелерімен келісіледі және оған бірлескен шешіммен белгіленген уәкілетті органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің лауазымды адамдары қол қояды.

      12. Талдамалық анықтама уәкілетті органға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісіне екі данада әзірленеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде олардың бірінші басшыларына ұсынылады.

      13. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері талдамалық анықтамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны жүргізудің негізіне қарай:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қарауына беріледі;

      2) уәкілетті органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің интернет-ресурсында оны жүргізуге өтініштері негіз болған жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізіле отырып, орналастырылады.

      14. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша талдамалық анықтамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күн ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлейді және уәкілетті органмен келіседі.

      15. Уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықтамаға қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдарды орындауына мониторинг жүргізеді.

      16. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдарды орындауына мониторинг нәтижелері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

Like this post? Please share to your friends:
Jaıaý Musa atyndaǵy Aqsý joǵary kópsalaly koleji