“Ана” дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын “ана” сөзінің астарында ұшан теңіз ой жатыр. Ана – әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен бойына нәр алады, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді.
8 наурыз мерекесіне орай Жаяу Мұса атындағы жоғары көпсалалы Ақсу колледжінің 1- курс студенттері арасында «Анама хат» атты эссе байқауы өткізілді. Студенттер байқауға белсене қатысып, аталмыш тақырып бойынша өз жұмыстарында аяулы анаға деген ризашылықтарын, ыстық махаббаттарын, жылы лебіздерін, шексіз алғыстарын білдірді. Ал, аналарынан жырақта жүрген студенттер абзал жанды, ардақты аналарына деген сағыныштарын өте әсерлі етіп жеткізді.
Жалпы, байқауға он бес студент қатысып, олардың арасынан сарапшы топтың шешімімен 4 жұмыс «үздік» деп танылды. Жүлделі 1- орынды Ф-12 тобының студенті Хозаева Аружан, жүлделі 2 – орынды Ф-12 тобының студенті Сабыр Мөлдір, жүлделі 3 – орынды ДОШ-12 тобының студенті Даирбай Ажар және Ф-12 тобының студенті Туманбекова Раушан иеленді. Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мадақтамалармен марапатталды.
Іс-шараны колледж оқытушылары – М.Е. Койкенова және Ж.Б. Алтынгужинова ұйымдастырды.