Ата-аналар жиналысы (ВИДЕО)

26 мамыр күні Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде жалпы колледжішілік ата-аналар жиналысы өтті. Жиынның тақырыбы – «Білім беру, қауіпсіздік және студенттердің жұмыспен қамтылуы: колледж бен ата-аналардың ортақ жауапкершілігі» – бұл күннің мән-маңызын айқындап, жастар тәрбиесіндегі бірлескен күштің маңыздылығын паш етті.

Колледждің мәжіліс залына жиналған ата-аналар, ұстаздар және арнайы шақырылған мамандар маңызды мәселелерді талқылады. Ең алдымен оқу жылының аралық және қорытынды аттестациясы туралы сөз қозғалса, бұл тақырыпты оқу ісі жөніндегі орынбасар А.З. Әбілшайықова жан-жақты түсіндіріп берді. Ата-аналар емтихан барысы, бағалау жүйесі және оқудағы тәртіп жайында нақты ақпарат алды.

Кездесуде студенттердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыптары да кеңінен қозғалды. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар А.Б. Мұсатова-Албот кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасының рөліне ерекше тоқталды. Оның сөзін полиция майоры, УИП ГЮП ОМПС өкілі А.К. Тұрсыналиева толықтырды. Өз тәжірибесімен бөліскен маман ата-аналарға нақты ұсыныстарын айтып, бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

Ал әлеуметтік педагог З.И. Бордубаева студенттердің жазғы уақыттағы жұмыспен қамтылуы туралы айтып өтті. Ол жаз мезгілін пайдалы әрі мағыналы өткізу жолдарын ұсынды.

Кездесудің соңында колледж директоры А. Айтуарова ата-аналарға жылы лебізін білдіріп, көтерілген тақырыптардың өзектілігіне тоқталды. Ол колледж бен ата-аналар арасындағы тығыз байланыстың жастардың болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Жиналыс соңында ата-аналар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, спикерлерден тұшымды жауаптар алды. Аттестация, стипендия және болашақта жұмыспен қамту мәселелері жиі қойылған сұрақтардың қатарында болды.

Бұл жиын – ата-ана мен оқу орны арасындағы сенімді серіктестіктің жарқын көрінісі. Жастардың жарқын болашағы үшін ортақ жауапкершілік жүгін бірге арқалауға деген нақты қадам жасалған күн болды.

Like this post? Please share to your friends:
Jaıaý Musa atyndaǵy Aqsý joǵary kópsalaly koleji