Павлодар қаласында жастар арасында өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Аталған чемпионат биылғы жылдың ақпан айында Семей қаласында өтеді.
48 келі салмақ дәрежесінде 3-курс студенті Виктория Каверина қазақша күрестен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, республикалық додаға жолдама алды.
Виктория күрес кілеміне алғаш рет 12 жасында шыққан. Сол уақыттан бері табанды еңбектің, үздіксіз жаттығудың арқасында ол ондаған қарсыласын жеңіп, ұлттық спорт түріне деген шынайы сүйіспеншілігін дәлелдеп келеді.
Алдағы Қазақстан чемпионаты жас спортшы үшін қазақша күрестен спорт шеберлігіне үміткер деңгейіндегі бесінші жарыс болмақ.
Айта кету керек, Виктория есімі «жеңіс» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім оның мінезіне, қайсар рухына және спорттағы жолына толық сай келеді.
Жас спортшыға мықты денсаулық, сабырлы ой, жүректегі жалын мен жарқын жеңістер тілейміз. Еңбегі мен табандылығы Викторияны әлі талай биіктерге жетелей берсін!
