Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 27-баптан қараңыз.
       Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

 МАЗМҰНЫ

      Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.

 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру

      Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

      1) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;

       1-1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;

      2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;

      2-1) мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам – көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адам;

      3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтын адам;

      4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері;

      5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;

      6) сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;

      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын үйлестіру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы орталық атқарушы орган; оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері;

      11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);

      12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;

      13) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі;

      14) ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар – қызмет бойынша бағынысты адамдардың орындауы үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдерді шығаруға, сондай-ақ бағынысты адамдарға қатысты көтермелеу шаралары мен тәртіптік жазалар қолдануға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 249-VI (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

  1. 1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.

 3-бап. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы

  1. 1. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
  2. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге де қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 4-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттары

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл:

      1) заңдылық;

      2) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;

      3) жариялылық пен ашықтық;

      4) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану;

      6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу;

      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

 5-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою болып табылады.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу мынадай:

      1) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту;

      5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу арқылы іске асырылады.

 2-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ

 6-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды;

      3-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңдық сараптама жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық сипаты бар нормаларды анықтауды;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыруды және сақтауды;

      6) қаржылық бақылауды;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді;

      8) мүдделер қақтығысын болғызбауды және шешуді;

      9) кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын;

      10) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді;

      11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауды;

      12) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарларын жоюды;

      13) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыруды және жариялауды қамтиды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

 7-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының жай-күйіне, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтап-қорыту, талдау және бағалау жөніндегі қызметі.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау болып табылады.
  3. 3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің дереккөздері – құқықтық статистика мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мәліметтері, әлеуметтік сұрау жүргізу деректері мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болып табылады.
  4. 4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараларды жетілдіру үшін негіз болып табылуы мүмкін.
  5. 5. Осы баптың ережелері арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қолданылмайды.

 8-бап. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау

  1. 1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау (ішкі және сыртқы) – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауды Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай бағыттар:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

      2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұйымдық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жүзеге асырады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдайды.

  1. 3. Осы баптың 2-тармағының күші мына салалардағы қатынастарға:

      1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға;

      2) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуге;

      3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге;

      4) сот төрелігіне;

      5) жедел-іздестіру қызметіне;

      6) қылмыстық-атқару қызметіне;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарының сақталуын бақылауға қолданылмайды.

  1. 4. Осы баптың 2-тармағының ережелері арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қолданылмайды.
  2. 5. Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік тәртібін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 9-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады.
  3. 3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру – тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі.
  4. 4. Ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады.

 10-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар – қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесі.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды жұртшылықтың қатысуымен мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері әзірлейді және олар заңнаманы әзірлеу кезінде және құқық қолдану практикасында ескеріледі.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      11-баптың 9-тармағының қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 18.11.2015 № 410-V Заңының 27-бабынан қараңыз.
       

 11-бап. Қаржылық бақылау шаралары

  1. 1. Қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыру мақсатында осы бапта айқындалған адамдар жеке тұлғалардың мынадай декларацияларын:

      1) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны;

       2) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады.

  1. 2. Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасының Парламенті мен мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттар мен олардың жұбайлары (зайыптары) кандидат ретінде тіркелгенге дейін ұсынады.
  2. 3. Кірістері мен мүлкі туралы декларацияны:

      1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      2) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      3) лауазымды адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынады.

  1. 4. Есепті күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған мүлікті сатып алған жағдайда, осы баптың 3-тармағында аталған адамдар кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсетілген мүлікті сатып алуға жұмсалған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді.
  2. 5. Активтері мен міндеттемелері туралы декларация Қазақстан Республикасының салық заңнамасының сәйкес жасалады және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша және тәртіппен ұсынылады.
  3. 6. Кірістері мен мүлкі туралы декларация Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жасалады және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде ұсынылады.
  4. 7. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны немесе кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы туралы мәлімет салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен орналастырылады.
  5. 8. Мыналардың:

       осы баптың 2-тармағында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – тіркеуден бас тарту немесе тіркеу туралы шешімдердің күшін жою үшін негіз болып табылады;

       осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы немесе осындай декларацияларда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсынуы, егер істелген әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

  1. 9. Мыналар:

      1) саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      2) «А» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      3) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      4) Қазақстан Республикасының судьялары мен олардың жұбайлары (зайыптары);

      5) квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ұсынған, жеке тұлғалардың декларацияларында көрсетілген мәліметтер есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде жариялануға жатады.

      Жариялануға жататын мәліметтер тізбесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми интернет-ресурстарында персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) орналастырады.

  1. 10. Осы баптың 7-тармағының және 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талаптары мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге қолданылмайды.
  2. 11. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептерді мемлекеттік мүлікке қатысты меншік иесі құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
  3. 12. Мемлекеттік кіріс органдарына келіп түсетін, осы бапта көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңмен қорғалатын құпия болып табылады. Оларды жария ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
  4. 13. Қызметтік және салықтық құпияны құрайтын мәліметтер «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 12-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер

  1. 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, аталған адамдар осы Заңның 13, 14 және 15-баптарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, өздеріне:

      1) мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру;

      2) жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу;

      3) мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік міндеттерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.

  1. 2. Жекелеген мемлекеттік функцияларды орындау тәртібін реттейтін заңдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулерді көздейтін басқа да құқықтық нормалар белгіленуі мүмкін.
  2. 3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың келісімін тиісті ұйымдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) жазбаша нысанда тіркейді.
  3. 4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не лауазымнан шығаруға (лауазымнан босатуға) әкеп соғады, оларды сақтамау, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайда, олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 13-бап. Мемлекеттiк функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет

  1. 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерде қызметін жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда), лауазымды адамдарға:

      1) егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге;

      2) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;

      3) педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады.

  1. 2. Алып тасталды – ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
  2. 3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйді мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай тапсырудан кіріс алуға құқылы.
  3. 4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарларына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарларына инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы мен оның орынбасарлары лауазымға тағайындалған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде лауазымға тағайындалғанға дейін сатып алынған, өздеріне тиесілі инвестициялық қорлар пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.

      Аталған тұлғалардың осы тармақта көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.

  1. 5. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, осы адамдарға заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін мүлікті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, осы функцияларды орындау уақытында сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.
  2. 6. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық куәландыруға жатады.
  3. 7. Облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті сатып алған жағдайда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, сатып алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларды сенімгерлік басқаруға беруге және жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) шартты нотариаттық куәландырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шарттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін ұсынуға міндетті.
  4. 8. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген міндеттемелерді орындамауы олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 22.01.2016 № 446-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 14-бап. Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бiрге қызмет (жұмыс) iстеуiне жол бермеу

  1. 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары және (немесе) жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты лауазымдарды атқара алмайды.
  2. 2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын бұзатын адамдар, егер олар көрсетілген бұзушылық байқалған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жоймаса, осындай бағыныстылықты болғызбайтын лауазымға ауысуға тиіс, ал осындай ауысу мүмкін болмаған кезде осы қызметшілердің біреуі лауазымынан шығарылуға немесе көрсетілген функциялардан өзгедей босатылуға тиіс.

      Ескертпе. Осы Заңда жақын туыстар деп ата-аналар (ата-анасы), балалары, асырап алушылар, асырып алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындас-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, жекжаттар деп – жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-қарындас-сіңлілері, ата-аналары мен балалары түсініледі.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.11.2019 № 273-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 15-бап. Мүдделер қақтығысы

  1. 1. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
  2. 2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
  3. 3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тікелей басшысына не өздері жұмыс істейтін ұйымның басшылығына туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы, өздеріне бұл жөнінде мәлім болысымен жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.

       Тікелей басшысы не ұйымның басшылығы осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың өтініштері бойынша немесе басқа да көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдауға:

       1) осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкін мәселе бойынша лауазымдық міндеттерді орындауды басқа адамға тапсыруға;

      2) лауазымдық міндеттерін өзгертуге;

      3) мүдделер қақтығысын жою бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті.

 16-бап. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары

  1. 1. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша:

      1) шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктерді белгілеу;

      2) адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;

      3) мүдделер қақтығыстарын болғызбау;

      4) іскерлік әдеп нормаларын қабылдау және сақтау;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау;

      6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы шаралар қабылдайды.

  1. 2. Кәсіпкерлік субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі стандарттарды кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) әзірлеуі және қабылдауы мүмкін.

 17-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама – сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы қалыптастырады және оны Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
  3. 3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жұмысының және мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметінің нәтижелері негізінде қалыптастырылады.
  4. 4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасы Президентіне енгізу және жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 3-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ

 18-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері: мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар жатады.

 19-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған қызметті жүзеге асыратын жедел-тергеу бөлімшелері.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген өкілеттіктерге ие болады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 20-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай функцияларды:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдауды;

      2) осы Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауды;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын барынша азайту және жою жөнінде ұсынымдар енгізуді;

      4) жыл сайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынуды;

      4-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және үйлестіруді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту мәселелерінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметін үйлестіруді;

      4-2) сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалауды және мемлекеттік және жеке секторлардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін айқындау үшін қажетті әлеуметтік зерттеулер жүргізуді;

      5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауын мониторингтеуді;

      6) сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша тәркіленген және қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүліктің өткізілуіне мониторингті жүзеге асырып, оны мемлекет кірісіне айналдыру туралы ақпаратты әдетте кейіннен жариялауды;

      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оң тәжірибесін зерделеуді және таратуды;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру саласында білім беру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды;

      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиелеу, ақпараттық және түсіндіру қызметі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне жәрдемдесуді және әдістемелік көмек көрсетуді;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган қызметінің негізгі бағыттары бойынша басқа да мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды;

      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасауды, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуды;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 21-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган өзіне жүктелген функцияларды орындау кезінде:

      1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды адамдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпарат пен материалдарды сұратады;

      2) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды жою бойынша заңнамалық тәртіппен белгіленген шараларды қабылдайды;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті жүргізу тәртібін айқындайды;

      3-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырады және істерді қарайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

  1. 2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өз өкілеттіктері шегінде:

      1) сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша жедел-іздестіру және тергеу қызметінің практикасына, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге талдау жүргізуге;

      2) іс жүргізудегі қылмыстық істер бойынша шақырту бойынша келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуге;

      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес, құжаттарды, тауарларды, заттарды немесе өзге де мүлікті алып қоюға немесе алуды жүргізуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен уақытша ұстау изоляторларын, тергеу изоляторларын пайдалануға;

      5) мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және оларда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен, мән-жайларды немесе заңды басқа да бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсынулар енгізуге;

      6) алып тасталды – ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар, салықтық және басқа да тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге;

      8) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, жедел-іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын айқындауға, оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;

      9) өзіне жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құруға және пайдалануға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында зерттеуді, заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді ұйымдастыруға;

      10) ұстап алынған және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүруге;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 22-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі лауазымды адамдардың өкілеттіктері

  1. 1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.

      1-1. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.

  1. 2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды, тергеп-тексеруді және алдын алуды және оларды жасауға кінәлі адамдарды жауапқа тартуды өзі құзыреті шегінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.11.2019 № 273-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 23-бап. Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуы

      Жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде мынадай шаралар қолданады:

      1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарлайды;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдық басқа да субъектілерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      5) мемлекеттік органдардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеулер, оның ішінде ғылыми және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;

      7) бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.

 24-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау

  1. 1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам өзі қызметкері болып табылатын мемлекеттік органның не ұйымның басшылығына не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға хабар береді.
  2. 2. Мемлекеттік органның, ұйымның басшылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы келіп түскен хабарлама бойынша заңға сәйкес шаралар қолдануға міндетті.
  3. 3. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен көтермеленеді.

      Осы тармақтың ережелері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпартты хабарлаған адамдарға қолданылмайды, олар заңға сәйкес жауапты болады.

  1. 4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен ұсынылады. Көрсетілген ақпаратты жария ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 4-тарау. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ

 25-бап. Заңсыз алынған мүлікті немесе заңсыз көрсетілген қызметтердің құнын өндіріп алу (қайтару)

  1. 1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде заңсыз алынған мүлiктi өз еркiмен тапсырудан немесе мемлекетке оның құнын немесе заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуден бас тартылған жағдайларда, оларды өндіріп алу прокурордың, мемлекеттік кіріс органдарының не осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың талап қоюы бойынша, заңды күшіне енген сот шешiмi негізінде жүзеге асырылады. Көрсетілген органдар сот шешiм шығарғанға дейiн құқық бұзушыға тиесiлi мүлiкті сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.
  2. 2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда прокурор, мемлекеттік кіріс органдары не осыған заңмен уәкілеттік берілген басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар заңсыз алынған мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру және (немесе) заңсыз алынған көрсетілетін қызметтердің құнын мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап қоюымен заңда белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінеді.
  3. 3. Егер жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамнан, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамнан және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамнан және лауазымды адамнан жұмыстан шығару, тиісті функцияларды орындаудан өзгедей босату кезінде заңсыз алынған мүлік немесе заңсыз көрсетілген қызметтің құны өндіріліп алынбаса, осындай босату туралы шешім қабылдайтын лауазымды адам немесе орган кінәлі адамның тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына құқыққа қайшы алынған кірістер туралы хабарлама жібереді.
  4. 4. Тапсырылған мүлікті қайтару, есепке алу, сақтау, бағалау және өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

 26-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелердің, шарттардың, актілердің және әрекеттердің жарамсыздығы

  1. 1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде жасалған мәмілелерді, шарттарды уәкілетті мемлекеттік органдардың, мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сот жарамсыз деп таниды.
  2. 2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде актілерді қабылдау және әрекеттерді жасау тиісті актілердің күшін жоюға (қолданысын тоқтатуға) уәкілеттік берілген адамдардың не мүдделі тұлғалардың немесе прокурордың талап қоюы бойынша сот тәртібімен олардың күшін жою (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады.

 5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

  1. 1. Осы Заң:

       1) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 11-бапты қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       2) алып тасталды – ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі)

  1. 2. Алып тасталды – ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі)
  2. 3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін 11-бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

 «11-бап. Қаржылық бақылау шаралары

  1. 1. Мемлекеттiк лауазымға не мемлекеттiк немесе оларға теңестiрiлген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына:

      салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi кірістері мен мүлкi туралы декларацияны, көрсетiлген мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып;

      мыналар:

      банк мекемесiн көрсете отырып, банк мекемелерiндегi, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi салымдары мен бағалы қағаздары туралы, сондай-ақ осы адамдар жеке немесе басқа адамдармен бiрлесiп билiк етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;

      жарғылық капиталына қатысу үлесi мен аталған ұйымдардың толық банктiк немесе өзге де деректемелерiн көрсете отырып, заңды тұлғалардың акционерi немесе құрылтайшысы (қатысушысы) ретiнде өзiнiң қатысуы туралы;

      егер адам немесе оның жұбайы (зайыбы) трастардың бенефициары болса, тиiстi банк шоттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, сол трастар және олар тiркелген мемлекеттер туралы;

      адамға немесе жұбайына (зайыбына) тиесiлi, айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен асатын мөлшердегi материалдық және қаржы қаражатын ұстау немесе уақытша сақтау жөнiнде шарттық қатынастары, келiсiмдерi және мiндеттемелерi (оның iшiнде ауызша да) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелері туралы мәлiметтердi ұсынады.

  1. 2. Мемлекеттiк лауазымдағы адамдар өз өкiлеттiктерiн орындау кезеңiнде жыл сайын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.
  2. 3. Мемлекеттiк қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған адамдар, шығарылғаннан кейiнгi үш жыл бойы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.
  3. 4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген адамның жұбайы (зайыбы) тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына:

      салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi кірістері мен мүлкi туралы декларацияны, көрсетiлген мүлiктiң орналасқан жерiн көрсете отырып;

      мыналар:

      банк мекемесiн көрсете отырып, банк мекемелерiндегi, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегi салымдары мен бағалы қағаздары туралы, сондай-ақ осы адамдар жеке немесе басқа адамдармен бiрлесiп билiк етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;

      жарғылық капиталына қатысу үлесi мен аталған ұйымдардың толық банктiк немесе өзге де деректемелерiн көрсете отырып, заңды тұлғалардың акционерi немесе құрылтайшысы (қатысушысы) ретiнде өзiнiң қатысуы туралы;

      егер адам немесе оның жұбайы (зайыбы) трастардың бенефициары болса, тиiстi банк шоттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, сол трастар және олар тiркелген мемлекеттер туралы;

      адамға немесе жұбайына (зайыбына) тиесiлi және айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен асатын материалдық және қаржы қаражатын ұстау немесе уақытша сақтау жөнiнде онымен шарттық қатынастары, келiсiмдерi және мiндеттемелерi (оның iшiнде ауызша да) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелерi туралы мәлiметтердi ұсынады.

  1. 5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған адамның жұбайы (зайыбы) тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына салық салу объектiсi болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, оның шегінен тыс жердегi де кірістері мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.
  2. 6. Арнаулы мемлекеттiк органдағы қызметке кандидат болып табылатын адамның отбасы мүшелерi тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттiк кiрiс органына осы баптың 4-тармағында көрсетiлген декларация мен мәлiметтердi ұсынады.

      Ескертпе. Осы тармақта арнаулы мемлекеттiк органдағы қызметке кандидат болып табылатын адамның отбасы мүшелерi деп жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен тұрақты түрде бiрге тұратын адамдар танылады.

  1. 7. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдар – тиiсiнше өздерi лауазымға орналасуға үмiткер болатын органға не жұмыс орны бойынша органға осы баптың 1 немесе 5-тармақтарында санамаланған декларациялар мен мәлiметтердi мемлекеттiк кiрiс органының алғаны туралы анықтаманы ұсынады.
  2. 8. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдардың (мемлекеттiк қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған адамдарды қоспағанда) осы бапта санамаланған декларациялар мен мәлiметтердi ұсынбауы немесе толық емес, анық емес декларациялар мен мәлiметтердi ұсынуы, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, адамға тиiстi өкiлеттiктер беруден бас тарту үшiн негiз болып табылады не заңда көзделген тәртiппен тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғады.
  3. 9. Осы баптың 8-тармағында көрсетiлген, қасақана жасалған, сондай-ақ бiрнеше рет жасалған іс-әрекеттер заңда белгiленген тәртiппен қолданылатын әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
  4. 10. Адамдар мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген функцияларды орындаудан босатылғаннан кейiн үш жылдың iшiнде алғаш рет жасалған, осы баптың 8-тармағында көрсетілген іс-әрекеттер, сондай-ақ мұндай әрекеттердi қайталап жасау заңда белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
  5. 11. Жауапты мемлекеттiк лауазымдар атқаратын лауазымды адамдардың кірістерінің мөлшерi және көздерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттiк лауазымға ұсынылған кезiнде кандидаттардың кірістері туралы мәлiметтер заңнамада белгiленген тәртiппен жариялануы мүмкiн.
  6. 12. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамдарға және оларға теңестiрiлген адамдарға өз атынан емес бөгде адамдар атынан, жасырын, бүркеншiк атпен және басқаша да азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға тыйым салынады. Бұл мәмiлелер заңда белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылады.
  7. 13. Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және мерзiмде, мемлекеттiк меншiкке байланысты мүлiктiк сипаттағы барлық мәмiлелер мен қаржы қызметi туралы есептi мемлекеттiк мүлiкке қатысты меншiк иесi құқығын жүзеге асыратын мемлекеттiк органға ұсынады.
  8. 14. Мемлекеттiк кiрiс органына келiп түсетiн, осы бапта көзделген мәлiметтер қызметтiк құпияны құрайды. Оларды жария ету, егер жасалған әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, кiнәлi адамды жұмыстан шығаруға әкеп соғады. Бұл мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери полиция органдарының, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің сұрау салуы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген сот тәртібімен ғана ұсынылады.

      Қаржы мониторингi жөнiндегi уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген мақсаттарда және тәртiппен қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер ұсынылады.

  1. 15. Осы бапта көзделген қаржылық бақылау шаралары Қазақстан Республикасында тұрғын үйдi және тұрғын үй салу үшiн құрылыс материалдарын меншiкке сатып алуға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды. Тұрғын үйдi және тұрғын үй салу үшiн құрылыс материалдарын сатып алу кезiндегi қаржылық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.».
  2. 4. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 15, 209-құжат; 1999 ж., № 21, 774-құжат; 2000 ж., № 5, 116-құжат; 2001 ж., № 13-14, 172-құжат; № 17-18, 241-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 10, 56-құжат; 2007 ж., № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 54-құжат; 2012 ж., № 4, 30, 32-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 11, 61-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 30.11.2016 № 26-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Қазақстан Республикасының 
ПрезидентіН. Назарбаев

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығы.

       Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы (бұдан әрі — Стратегия) бекітілсін.
  2. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері өз қызметінде Стратегияны басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

  1. 3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  2. 4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
ПрезидентіН.Назарбаев

 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2015-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТРАТЕГИЯСЫ
Мазмұны

  1. 1. Кіріспе
  2. 2. Ағымдағы ахуалды талдау

             2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер

       2.2. Шешімін талап ететін проблемалар

       2.3. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар

  1. 3. Мақсат және міндеттер

       3.1. Мақсат және нысаналы индикаторлар

       3.2. Міндеттер

  1. 4. Түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар

             4.1. Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

       4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгізу

       4.3. Квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

       4.4. Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

       4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру

       4.6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту

  1. 5. Стратегияны іске асыруды мониторингтеу және бағалау
  2. 1. Кіріспе

       «Қазақстан-2050″ Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.

      Қазақстанның осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымын білдіретін еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.

      Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға мәлім.

      Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді.

       Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.

      Әлеуметтік шығу тегі мен мүліктік жағдайына қарамастан, оның кезінде басшылық орындарға қабілетті және кәсіби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негізінде мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасты, оның ішінде мемлекеттің әрбір органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.

      Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды.

      Қазақстанға әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, ұлттық экономиканың өсуі, бизнесті жүргізу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігін жақсарту, электрондық үкіметті енгізу жөніндегі қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетін және жүріс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерін қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды.

      Сонымен бірге экономиканың одан әрі өсуі, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлемнің неғұрлым дамыған бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешу мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негізделген жаңа жүйелі шаралар қабылдауды және оны іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруды талап етеді, бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға мүмкіндік берер еді.

      Бұл орайда қазіргі кезеңде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны (бұдан әрі – Стратегия немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) айқындайтын жаңа бағдарламалық құжатын қабылдау қажеттігі болып тұр.

      Мұндай құжатта сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілуі тиіс. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс.

      Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою, Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінен тиімді қорғау жөніндегі шаралардың басымдығын да көздейді.

      Тұтастай алғанда, мұндай Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс.

      Бұл ретте Стратегия айқындайтын базалық бағыттар түпкілікті болуы мүмкін емес. Олар жекелеген іс-шаралардың орындалуына байланысты және сыбайлас жемқорлық құбылысына, оның себептеріне, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысты ынталандыруға терең талдаудың нәтижелерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы істердің жай-күйін байсалды және объективті бағалауды ескере отырып түзетілуге тиіс.

  1. 2. Ағымдағы ахуалды талдау
    2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер

      Қазақстандық мемлекет дамуының алдыңғы кезеңдерінде жалпы мойындалған нәтижелерге қол жеткізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісінде айқын оң үрдістер байқалды, оларды күшейту және дамыту ел дамуының қазіргі заманғы кезеңіңде осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны табысты іске асырудың кепілі болады.

      Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып осы келеңсіз құбылыспен күрестің мақсатын, міндеттерін, негізгі қағидаттары мен тетіктерін айқындаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады.

      2001 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда, олардың шеңберінде сыбайлас жемқорлық көріністері пайда болуының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі нақты шаралар қабылдануда.

       1999 жылдан бастап қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң және 2005 жылы Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі Қазақстанда есеп берушілік, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін негіз жасады.

      Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуші және құқық қорғау функцияларын біріктіретін арнайы мемлекеттік орган құрылды. Ол мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттік аппарат тазалығына мониторинг жүргізу мәселелерін реттеуге ғана арналған емес, оған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның профилактикасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық қудалау функциясы да берілген.

      Бұл ретте алдын алу-профилактикалық қызмет жаңа құрылған орган үшін басымды болып табылады.

      Жаза бұлтартпастылығы қағидаты табысты іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасағаны үшін әшкереленген шенеуніктер атқарып отырған қызметтері мен шендеріне қарамастан, заңның барынша қатаңдығы бойынша жауапты болады.

      Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін лауазымды адамдардың қатаң жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

       Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатал жауапкершілік қажеттілігі Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген.

       Осындай қағидаттық тәсіл жаңа Қылмыстық кодексте іске асырылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарға мерзімнің ескіруі қолданылмайды, шартты түрде соттауға тыйым салынған, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасу құқығына өмір бойына тыйым салу енгізілді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылардың дербес жауапкершілігі жөніндегі нормалармен толықтырылды. Онда «мүдделер қақтығысы» деген маңызды ұғым бекітілген.

      Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтумен қатар олардың әлеуметтік кепілдіктері де жетілдірілуде.

      Мемлекеттік аппараттың еңбекақысын кезең-кезеңмен, үнемі көтеріп отыру мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік өзін-өзі сезінуін арттыруға және олардың өз міндеттерін адал және әділ негізде орындауы үшін жағдайлар жасауға арналған.

      Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасында құқық тәртібі органдарына деген сенім деңгейін арттыруға, мінсіз жүріс-тұрыспен және құзыреттіліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетін персоналды қалыптастыруға бағытталған шаралар көзделген.

      Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.

      Жер-жерде ақпаратқа колжетімділік кеңейтілді, оған электрондық үкіметті, сондай-ақ мемлекеттік және жекеше құрылымдардың интернет-ресурстарын қалыптастыру жөніндегі шаралар ықпал етті.

      Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кедергісіз ақпарат алуы, оның ішінде мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен веб-сайттары арқылы кедергісіз ақпарат алуы үшін жағдайлар жасалды.

      Елдің инвестициялық тартымдылығын күшейту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті, халықтың сапалы және тез арада мемлекеттік қызметтерді алуын қиындататын әкімшілік кедергілер жойылуда.

       «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның қабылдануымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін жағдайлар жасалды, рұқсаттар саны мен қызметтің лицензияланатын түрлері күрт азайды. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін бағалау және оның сапасын сыртқы бақылау жүйесі қалыптастырылды.

      Атқарылған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімдерін бұзу саны (2012 жылмен салыстырғанда 8,7 есеге) және оларды көрсету сапасына шағымдардың саны (25%-ға) жыл сайын төмендеп келеді, сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердің үлесі (2 еседен астам) және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі (51%-ға) ұлғайды.

      Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру деңгейі артуда, бұл бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына, бюджет қаражатының ашық және тиімді игерілуіне ықпал етеді.

      Экономиканың мемлекеттік емес секторында кәсіпкерлік қызметті жүргізу, жұмысқа орналасу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасалды.

      Тұтастай алғанда, аталған шаралардың қабылдануы Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейі бойынша Орталық Азия өңірінде де, ТМД елдері арасында да көшбасшы орындардың бірін алуға мүмкіндік берді.

 2.2. Шешімін талап ететін проблемалар

      Күрделі, тарихи өзгермелі, келеңсіз әлеуметтік құбылыс болып табылатын сыбайлас жемқорлық адамзат өркениеті дамуының ерте кезеңдерінде пайда болғаны мәлім.

      Сыбайлас жемқорлық проблемасы барлық елдерде бар, ол әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді баяулатып, тек өзіне тән көріністермен және ауқымымен ерекшеленеді.

      Сыбайлас жемқорлық іс-әрекетінің әмбебап және бәрін қамтитын анықтамасының жоқтығына қарамастан, оған ең алдымен шенеуніктердің билікті немесе лауазымдық жағдайын жеке пайда алу үшін теріс пайдалануын жатқызады, ал оның неғұрлым таралған түрлері ретінде әдетте шенеуніктерді сатып алу, қызметтік өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану болып танылады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеудің күрделілігі оның жеке алғанда әрбір мемлекет үшін ерекшеліктеріне және оның өзгермелі сипаттамаларына қарай қиындықтарына да байланысты.

      Сыбайлас жемқорлықтың себептерін, жағдайлары мен салдарларын айқындаған кезде жергілікті діл, ұлттық және діни ерекшеліктер, құқықтық мәдениеттің деңгейі сияқты факторлар ескерілуі тиіс.

      Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-қимылдың басты шарттары билік органдарының қоғамға есеп берушілігі мен оның бақылауында болуы, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен әділдігі, баяндауда анық және қолдануда күрделі емес заңдар, мемлекеттің кадр саясатындағы меритократия, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздігі болып танылады.

      Экономиканы жаңғырту және ауқымды әлеуметтік өзгерістер жағдайында Қазақстанда мемлекеттің қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланыстырылған, біздің қоғамның мәдениеті мен этикасын, осы әлеуметтік зұлымдықпен күрестегі халықаралық трендтерді ескеретін біртұтас сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға деген қажеттілік айқын бола түсуде.

      Стратегия сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері мен құралдары үшін негіз болады.

      Тікелей құқық қорғау құрамдасынан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта мемлекеттік басқарудың, мемлекеттік қаражатты бөлудің және пайдаланудың ғылыми негізделген нысандары мен әдістерін таңдау және осының негізінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою да маңызды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде негіз қалаушы буын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді айқындау және барынша азайту болып табылады.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың түрлі салалар мен аяларда таралу деңгейін бағалау, мемлекеттік, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті нормативтік-құқықтық реттеудегі олқылықтарды, мемлекеттік-құқықтық реттеу тетіктерінде туындайтын проблемаларды анықтауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет процесінде құқық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған шараларды әзірлеуге ықпал етеді.

      Қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады.

      Ұлттық заңнаманың базалық салаларының болып жатқан сапалы жаңаруына қарамастан, қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерде басты проблема тиісті құқық қолдану мәселелерінің шешілмеуі болып қалып отыр.

      Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау құралдарының барлық арсеналын пайдалану әлі де өзекті проблема болып табылады.

      Қолданыстағы заңнаманың және қазақстандық құқыққа тән институттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін пайдаланылмаған әлеуеті бар, оны толыққанды іске асыру мүмкіндігі осы саладағы шетелдік модельдер мен тәжірибені енгізу мәселелерін қараған кезде барынша ескерілуге тиіс.

      Алдын алу-профилактикалық жұмыста да жүйелік жоқ.

      Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган үшін қылмыстық қудалауға қарағанда, сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен жағдайларын айқындау мен жоюға бағытталған алдын алу шараларын әзірлеу және қабылдау басымдық болуы тиіс.

      Бұл ретте назар жергілікті билік органдарының қызметіне де аударылуы тиіс, өйткені, өңірлердегі істердің жай-күйі үшін олардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі кеңейтіледі және дәл солар өз мемлекеттік көрсетілетін қызметтерімен азаматтардың күнделікті мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

      Тұтастай алғанда, уәкілетті органның қызметінде оның құқық қорғау және реттеуші функциялары арасындағы теңгерім сақталуы тиіс.

      Мемлекеттік функцияларды орындаған кездегі мүдделер қақтығысы да мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін маңызды себептердің бірі болып табылады. Мемлекеттік функцияларды, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі талдау сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал ететін себептерді айқындауға және жоюға мүмкіндік береді.

      Осы күнге дейін азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және құқықтық ағартуға, әсіресе, халықтың күнделікті өмірінде неғұрлым сұранысқа ие қолданыстағы құқықтың салалары мен нормалары бойынша жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат негізінен бір жолғы акциялармен және науқандармен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы шаблон түріндегі сөздермен шектеледі, интернет-кеңістік жеткіліксіз пайдаланылады.

      Іс жүзіндегі ақпараттық өріс сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруда қоғамды шоғырландыруға әрдайым ықпал ете бермейді.

      Сыбайлас жемқорлық проблемаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет қабылдап жатқан шаралардың тиімділігін зерделеуге арналған социологиялық зерттеулердің деңгейі мен сапасы жетілдіруді қажет етеді.

      Қызметтік этиканың нормалары мен қағидаларын бұзушылықтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың өзінен әлі де заңнамалық деңгейде аражігі ажыратылған жоқ, бұл сыбайлас жемқорлықтықтың нақты көрінісін бұрмалайды, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өзекті бағыттарына күш-жігерін шоғырлауға кедергі жасайды және елдің сыбайлас жемқорлық рейтингісінің негізсіз өсуіне әкеледі.

      Бұл ретте сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері мен тиісінше оларды жасағаны үшін қолданылатын жаза деңгейлері арасындағы аражік нақты ажыратылмаған.

      Жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне деген тәсілдерді де айқындау уақыты келді.

      Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуы сыбайлас жемқорлықтың таралу саласын және оның анықтамасына жататын адамдар тобын айқын түсінуге негізделуі тиіс. Бұл ретте бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілер мен елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету ісінде қиындықтар жасалмауы тиіс. Тұтастай алғанда мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы қысқаруға тиіс.

      Тәуелсіз Қазақстанның жалпы әлемдік кеңістікке одан әрі кірігуі бойынша жасап жатқан қадамдары біздің елімізді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде қабылданған белгілі бір халықаралық стандарттарды ескеруге міндеттейді.

       Сонымен бірге, мұндай стандарттар шетелдік серіктестердің ұсынымдарын пайдаланып қана енгізілмеуі тиіс. Халықаралық тәжірибе оның ережелерінің ел Конституциясына, қалыптасқан заңнамалық және құқық қолдану практикасына сәйкес болуы тұрғысынан, дәстүрлі және біздің елге тән құқықтық тетіктер мен институттардың қалыптасу және жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, мұқият зерделенуге және егжей-тегжейлі талдауға жатады.

 2.3. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен қазіргі заманғы жағдайларда оның көріністеріне ықпал ететін негізгі факторларды айқындау қажет.

      Оның ішінде қазіргі уақытта неғұрлым өзектісі біріншіден, олардың нормалары құқық қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасауға көбіне жағдайлар жасайтын салалық заңдардың жетілдірілмеуі болып табылады.

      Құқықтанудың қыр-сырын білмейтін азаматтар үшін практикада мұндай заңдардың ережелерін дұрыс түсіну мен тиісінше ұғыну қиынға соғады.

      Екіншіден, мемлекеттік және корпоративтік басқару ашықтығының жеткіліксіз болуы. Басқарушы шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестері, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер туралы сөз болған жағдайларда әлі де ең жабық процестердің бірі болып қалуда.

      Үшіншіден, лауазымды адамдардың мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кездегі халықпен тікелей байланысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталуда.

      Төртіншіден, халықтың, оның ішінде мемлекеттік сектор қызметшілерінің өздерінің құқықтық мәдениетінің деңгейі әлі де төмен, бұл арам пиғылды қызметкерлерге оны пайдакүнемдік, құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді.

      Бесіншіден, азаматтар мінез-құлығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделін және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру бойынша кешенді және мақсатты ақпараттық жұмыстың болмауы.

      Алтыншыдан, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысының және мемлекеттік қызметтегі әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіз деңгейі.

  1. 3. Мақсат пен міндеттер
    3.1. Мақсат пен нысаналы индикаторлар

      Осы Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

      Стратегияда қолданылатын нысаналы индикаторлар:

      мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы;

      қоғамның мемлекеттік билік институттарына сенімі;

      халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейі;

      елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттыру және тиісті халықаралық рейтингтерді, оның ішінде «Transparency International» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі Қазақстанның рейтингін жақсарту.

 3.2. Стратегия міндеттері:

      мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

      қоғамдық бақылау институтын енгізу;

      квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

      соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

       Стратегияның мақсаты мен міндеттері «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасының ережелерін, сондай-ақ басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары мен пікірлерін ескереді.

  1. 4. Түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар
    4.1. Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

      Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдарынан материалдық және материалдық емес игіліктер заңсыз алынады, оның нәтижесінде қоғам мүдделеріне нұқсан келтіріледі және мемлекеттік биліктің беделі төмендейді.

      Сондықтан мемлекет қызметтік өкілеттіктерді пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану пайдасыз және мүмкін емес болатын шараларды одан әрі қабылдап, жағдайлар жасайды.

      Осындай маңызды шаралардың бірі мемлекеттік қызметшілердің тек қана кірістерін емес, сондай-ақ шығыстарын да декларациялау болмақ. Бұдан әрі мұндай декларациялау бүкіл халыққа қолданылады, бұл мемлекеттік қызмет жүйесінде заңдылықты сақтауға және ашықтықты қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.

      Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлықтың деңгейін азайту үшін шенеуніктердің еңбекақысы мен әлеуметтік жеңілдіктерін мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерінің кеңеюіне қарай одан әрі кезең-кезеңмен жоғарылату көзделген. Бұл міндет мемлекеттік қызметшілер еңбекақысының жекеше сектормен салыстырғанда әзірше бәсекеге қабілеттілігі жеткіліксіз екендігін ескере отырып та өзекті бола түседі.

      Мемлекеттік қызметшілердің сатылмайтындығы және олардың қызметінің ашықтығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының табысты болуының негізі.

      Сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарттардың бірі шенеуніктің азаматпен тікелей байланысы болуы да болып табылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу рәсімі неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соншалықты төмен болады.

      Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға – өзін өзі реттейтін ұйымдарға кезең-кезеңмен беру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады.

      Нәтижесінде халыққа электрондық форматта көрсетілетін қызметтердің көлемі өсетін болады, оның ішінде осындай форматта рұқсаттарды беру де қамтамасыз етіледі.

      Білім беру мен денсаулық сақтауды қоса алғанда, әлеуметтік саланың базалық салаларында тиісті қызметтерді электрондық түрде көрсету сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал етеді.

      Қызметтің неғұрлым сыбайлас жемқорлықшыл саласына жататын мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңғыртылатын болады. Нақ осында әрбір төртінші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалады.

      Ахуалды түбегейлі жақсарту үшін бірыңғай операторды бекіту, тауарларды автоматтандырылған түрде таңдауды енгізу, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді қабылдау рәсімін жетілдіру сияқты шаралар қажет етіледі.

      Мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде кеден, салық салаларында, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, банк қызметі салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдері барынша автоматтандырылады.

      «Бір терезе» қағидаты бойынша (ХҚКО арқылы) халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі де кеңейтіледі.

      Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ашықтық қағидаты түйінді фактор болып табылады, сондықтан да оны енгізу жөніндегі жұмыс тұрақты, жүйелі негізде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы мен қолжетімділігіне мониторинг арқылы жүргізілетін болады.

 4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгізу

      Сыбайлас жемқорлық профилактикасының пәрменді тетігі қоғамдық бақылау болып табылады.

      Мұндай бақылауды енгізу азаматтық қоғам институттарын жандандыруды ғана емес, тиісті заңнамалық реттеуді де талап етеді.

      «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы азаматтық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың базалық қағидаларын нормативтік құқықтық бекіту арқылы алғашқы рет оның біртұтас жүйесін құруға мүмкіндік берер еді.

      Мұндай заң оның институттары мемлекеттің беделін нығайтуға және мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыруға жәрдем ететін азаматтық қоғамды одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаруға арналған.

      Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар, мемлекеттік органдар шешімдеріне қоғамдық сараптама өткізу үшін басшылардың жұртшылық алдындағы есептерін тыңдау және азаматтардың алқалы органдардың жұмысына қатысуы үшін құқықтық негіз жасалатын болады.

      Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттердің өзін де, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге де ықпал етеді.

       Бұл ретте қоғамдық бақылаудың ел Конституциясының талаптарына сәйкес мемлекеттің бақылаушы функцияларынан аражігі нақты ажыратылуға тиіс.

      Мемлекеттік аппарат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудің тағы да бір құралы «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң болуы тиіс, ол жария ақпаратты алушылардың құқықтарын, оны беру, есепке алу және пайдалану тәртібін бекітеді.

      Жария ақпаратқа еркін қолжетімділік халықтың шенеуніктермен артық байланысы қажеттілігін болдырмайды.

      Сыбайлас жемқорлықпен табысты күрестің аса маңызды факторы азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысу мүмкіндігі болып табылады.

      Бұған жергілікті өзін өзі басқарудың өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін заңның қабылдануы ықпал етеді.

      Халыққа ең алдымен жергілікті өзін өзі басқарудың бюджеттік бағдарламалары бойынша қаражаттың пайдаланылуына мониторинг пен бақылауға қатысу мүмкіндігін берген жөн.

 4.3. Квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

      Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қаупін оның мемлекеттік сектордағы ауқымдарымен толық салыстыруға болады.

      Квазимемлекеттік секторда мемлекеттік сатып алулардың көлемдерінен жиі асып кететін бюджет кезінде сырт көзге сыбайлас жемқорлықшыл проблемасы соншалықты өткір емес. Алайда қазіргі ахуал бұл сектордағы ашықтықтың жеткіліксіз екендігін айғақтайды. Сондықтан осы сектордағы есеп берушілікті, бақылауда болуды және шешімдер қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктер қажет.

      Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі іскерлік этика мен бизнесті адал жүргізудің қазіргі заманғы қағидаттарын сақтау кезінде ғана мүмкін болады.

      Жұмыс істеп тұрған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің мүдделерін қорғаумен қатар оның ашықтығы мен сатылмайтындығы үшін жауаптылықта өз үлесін атқаруға және корпоративтік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға тиіс.

      Бұл жолдағы алғашқы қадам жасалды да – Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясы әзірленді. Мұнда Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын жеке кәсіпкерлігінің негізгі қағидаттары мен постулаттары жарияланған.

      Қаржылық-шаруашылық қызметтің түрлі салаларында алдағы уақытта бірқатар басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдау керек.

      Сондай-ақ квазимемлекеттік және жекеше сектор субъектілерінің азаматтарға қызметтер көрсеткен кезде ашықтықты қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылданады.

      Бұл, оның ішінде банк саласында электрондық технологияларды пайдалануды кеңейту, табиғи монополиялар саласындағы тарифтерді айқындау үшін нақты критерийлерді белгілеу, мемлекеттің құрылыс саласы мен экономиканың басқа да салаларында қатысуын қысқарту болып табылады.

      Сонымен қатар жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністерімен күрес ол инвестициялық ахуалды нашарлатуға және кәсіпкерлер үшін тәуекелдерді көбейтуге әкеп соқпайтындай етіп жүргізілуі тиіс.

 4.4. Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

      Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі, бірінші кезекте, негізгі буыны сот төрелігінің мінсіз жүйесі болып табылатын болып табылатын құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету жүйесіне байланысты.

      Сот жүйесіне деген сенімді арттыру, сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсарту үшін судьялардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның ішінде судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы болдырмау бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Сот ісін жүргізуді оңайлату, оның жеделдігін арттыру, соттардың қызметін автоматтандыру сот төрелігіне еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сот жүйесі қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Құқық қорғау жүйесінің жұмысындағы басымдықтар жасалған қылмыстарды анықтаудан олардың профилактикасы мен алдын алуға ауысуы тиіс.

      Құқық қорғау органдарының кадр саясатында мемлекеттік әкімшілік қызметтің жүйесінде қолданылып жүрген конкурстық іріктеу тетіктерін және меритократия қағидатын енгізу қажет.

      Қызметкерлерді аттестаттау және тестілеу рәсімдері жетілдірілетін болады, кадр резервін пайдаланбай ауысуға тыйым салынады.

      Құқық қорғау қызметі саласында сыбайлас жемқорлық орта да күштік құрылымдар қызметкерлерінің азаматтармен байланыстары кезінде туындауы мүмкін.

      Бұл проблеманың шешілуі едәуір дәрежеде құқық қорғаушылар қатарының тазалығына, жаңа технологиялардың одан әрі енгізілуіне және тиісті рәсімдердің автоматтандырылуына байланысты болмақ.

      Тек сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін тиімді қорғауға қабілетті.

      Құқық қорғау қызметін бағалаудың басты критерийі халықтың сенімі болуы тиіс.

 4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру

      Осы Стратегияда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың кең қатысуымен сүйемелденуі тиіс.

      Мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкіндік береді.

      Қоғамның қолдауынсыз жоғарыдан жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек ішінара нәтиже береді.

      Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал Адалдық пен Сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.

      Азаматтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, сыбайлас жемқорлыққа деген берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың мінеуі болмай, қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкіл қоғамның ісі екенін түсіну керек.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді.

      Бала кезінен тұлғаны қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды болмақ.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытатын курстармен барлық оқу орындарын, мемлекеттік органдар мен тұтастай алғанда барлық азаматтық қоғамды қамту қажет.

      Мұның жаппай болғанымен, бұл жұмысты азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін түсінікті және білікті жеткізетін түрлі салалардың мамандарын пайдалана отырып, кәсіби негізде істеген жөн.

      Бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлықты қоғамның қабылдамауы ахуалын қалыптастыруды қамтамасыз етуге, қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісіне белсенді қатысуына ықпал етуге арнаған.

      Талай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асырған кездегі құқықтық сауаттылығы әлсіздігінің салдары болып табылады.

      Қоғамдағы құқықтық нигилизмнің түбегейлі жойылуына қол жеткізу қажет.

      Бұл ахуалды түзеу үшін халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысы, олардың жасын, кәсіби және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі жүйелі әрі тынымсыз жұмыс жүргізілуі керек.

      Қазақстанда шетелдердің үлгісі бойынша, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын азаматтарды материалдық көтермелеу енгізілген. Бұл тетік өз пәрменділігін көрсетіп келеді. Азаматтарымыздың қағидаттық ұстанымдарының арқасында көптеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкін болды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.

      Қазақстандық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы этикасы мен мәдениеті «Мәңгілік Ел» идеологиясының контексінде қалыптастырылуы тиіс. Дәстүрлі рухани құндылықтар мен үздік халықаралық стандарттардың үйлесімді үйлесуі азаматтардың заңды мінез-құлығының канондарын жаңадан жасауға мүмкіндік береді.

      Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі.

 4.6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту

      Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдете түседі.

      Қазақстанның халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі ретіндегі тиімді сыртқы саяси қызметі біздің еліміздің халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерге белсенді қатысуын қамтамасыз етеді, оның ішінде БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына, осы саладағы басқа да құжаттарға қосылуы соның нәтижесі болып табылады.

      Бір жағынан, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік практиканы пайдалануға ынталандырады, екінші жағынан – шетелдермен ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін кеңейтеді.

      Біздің мемлекет өзара құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және активтерді қайтару бойынша бірқатар келісімдер жасады.

      Біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатымызды жетілдіруге Еуропалық Кеңеспен өзара іс-қимыл да, бірақ өз ерекшеліктеріміз бен ұлттық заңнаманы ескере отырып, шетелдік тәжірибені пайдалану ықпал ететін болады.

      Олар арқылы шетелге, көбіне шығу тегі күмән туғызатын капитал шығарылатын және заңдастырылатын офшорлық аймақтар ерекше назарды талап етеді. Тиісті халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қою офшорлық компаниялар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды өткізу, беделді халықаралық ұйымдарға қатысу практикасы жалғасатын болады. Біздің еліміз трансұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылау үшін беделді диалогтық алаң бола беруге ниетті.

  1. 5. Стратегияны іске асыруды мониторингтеу және бағалау

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру тетігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басты орган болып табылады, ал Стратегияны орындауға барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен мекемелер, мемлекет қатысатын компаниялар, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктер және тұтастай алғанда азаматтық қоғам қатысады.

      Стратегияның ережелерін кезең-кезеңмен іске асыруды Іс-шаралар жоспары қамтамасыз етеді, оны Президент Әкімшілігінің келісуімен Үкімет бекітеді.

      Стратегияның мақсаттарына қол жеткізудің қажетті шарты ішкі және сыртқы болып бөлінетін оны орындауды мониторингтеу және бағалау болып табылады.

      Орындауды ішкі мониторингтеуді және бағалауды тиісті іс-шараны тікелей орындаушы жүргізетін болады, сыртқыны – арнайы құрылған мониторингтік топ жүргізеді, оған мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылу жай-күйін тиісті мониторингтеу мен бағалаудың шарты оның ашықтығы болып табылады.

      Тиісті іс-шаралар орындалуының барысы туралы есептер міндетті түрде сыртқы бағалауды алу және жұртшылықтың пікірін ескеру мақсатында халықтың назарына жеткізілетін болады.

      Бағалау мен жұртшылықтың пікірі Стратегияны іске асырудың кейінгі кезеңдерінде ескеріледі.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны орындаудың соңғы сатысы Мемлекет басшысының қарауына тиісті есеп енгізу болады.

      Құжаттың іске асырылуы туралы жыл сайынғы ұлттық есеп бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылуға жатады.

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Like this post? Please share to your friends:
Jaıaý Musa atyndaǵy Aqsý joǵary kópsalaly koleji