ERGSkills 2025 басталды!
Бүгін Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің базасында кәсіби шеберлік бойынша үшінші жыл сайынғы ERGSkills чемпионатының ашылуы өтті.
Байқауға Колледждер Альянсы мен ERG құрамындағы оқу орындарының студенттері және Еуразиялық Топ кәсіпорындарының жас мамандары қатысты.
Сайыс екі құзыреттілікпен басталды: «Электромонтаждау» және «Өндірістік автоматика».

«Электромонтаждау» бағыты бойынша 13 үміткер бақ сынады. Бас сарапшы Леонид Графтың айтуынша, қатысушылар 10 сағат ішінде екі тапсырма орындауы тиіс:
«Бірінші модуль — лифт схемасын құрастыру, екіншісі — қозғалыс датчигі бар жарықтандыру. Қатысушылар монтаждан бөлек, алгоритм жазып, оны микроконтроллерге жүктеп, схеманы іске қосады. Бағалау критерийлері: нақтылық, эстетика, жұмыстың дұрыстығы және жобаны таныстыра білу».
«Өндірістік автоматика» бағытына 7 қатысушы қатысуда. Міндет — жиілік түрлендіргіштері мен Siemens контроллері негізінде конвейер моделін жинап, іске қосу.
«Құрастырудың дұрыстығы бағаланады, яғни жүйе алгоритмге сай жұмыс істеуі қажет», — деді бас сарапшы Нұрсұлтан Тоқтар.

ERGSkills-2025 байқауына барлығы шамамен 40 қатысушы қатысады. Олар келесі төрт бағыт бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетеді:
✅Өндірістік автоматика
✅Электромонтаждау
✅Қалыптау ісі
✅CAD инженерлік графикасы

Байқау WorldSkills стандарттарына сай өткізіліп, жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған.

Финал және жеңімпаздарды марапаттау — 15 мамырда.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен ERG компанияларында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.