Леонид Граф Өскемен қаласында республикалық кәсіби шеберлік байқауында екінші орынды иелендi

Жаяу Муса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің өндірістік оқыту шебері Леонид Граф Өскемен қаласында өткен WorldSkills стандарты бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауында «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша екінші орынды иеленді! 🥈

Чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 19 маман қатысты. Байқау тапсырмалары оңай болған жоқ:
🔹 еңбекті қорғау бойынша тест,
🔹 Компас-3D бағдарламасында сұлба сызу,
🔹 электросұлбаны құрастыру (бұл жұмысқа 5 сағат берілді),
🔹 алгоритмді бағдарламалау (1 сағат ішінде дәлдік пен жылдамдық маңызды болды).

Леонид барлық модульдерден жоғары деңгейде өтіп, кәсіби біліктілігін, техникалық сауаттылығын және табандылығын көрсетті. Оны байқауда қолдаған сарапшы-компатриот — Қаратаев Булат Бекболатұлы.

Айта кетейік, Леонид — 2020 жылғы осы колледждің түлегі. Сол жылы ол республикалық WorldSkills чемпионатына қатысып, екінші орын алған болатын.

Оқуын тәмамдаған соң колледжге өндірістік оқыту шебері ретінде оралып, жаңа буын шеберлерін тәрбиелеуге кірісті. Ол облыстық және республикалық деңгейдегі WorldSkills чемпионаттарының жүлдегерлерін дайындады.
2024 жылы шәкірті Дмитрий Старицынды халықаралық деңгейге шығарып, Қытайда өткен кәсіби шеберлік байқауында «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша екінші орынға ие болуына себепкер болды.

Биыл Леонид Граф ERGSkills байқауының аймақтық кезеңінде «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша бас сарапшы ретінде қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Леонидті жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақстандағы кәсіби шеберлікті дамытуға қосқан үлесің үшін мақтан тұтамыз!
Жаңа белестерге жете бер!

Like this post? Please share to your friends:
Jaıaý Musa atyndaǵy Aqsý joǵary kópsalaly koleji