13 ақпан күні колледжде «ЭКО» фракциясының көшбасшысы Анель Альдекова «Досқа сыйланған тарих» атты шабытты челлендж өткізді.
Іс-шара барысында студенттер өздерінің сүйікті кітаптарының тарихын әсерлі әңгімелеп, оларды достарына, топтастарына және ұстаздарына тарту етті. Олар оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөлісіп, бір-біріне жүрекжарды тілектер жазып, кітаптың өміріндегі маңызы, поэзия мен көркем сөздің құдіреті жайлы сыр шертті. Әрбір сөзден әдебиетке деген шынайы сүйіспеншілік пен жылылық сезіліп тұрды.
Фракция көшбасшысының бастамасын кітапхана меңгерушісі Гүлмира Сұлтанова қолдады. Әсем безендірілген кеңістік, «Буккроссинг» тақырыптық аймағы, оқу залының тыныш та салмақты атмосферасы – мұның бәрі ойға шомып, еркін пікір алмасуға және жаңа әдеби жаңалықтар ашуға ерекше ықпал етті.
Кітапхана меңгерушісі Гүлмира Маратовна колледждің кітап қоры, ұйымдастырылып жатқан көрмелер мен оқу залының мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстырып, кітапхананың білім мен шығармашылықтың, рухани дамудың ордасы екенін атап өтті.
Бұл шара кітап пен достықты ұлықтаған, ізгі дәстүрді жалғаған рухани мерекеге айналды. Жүректен шыққан әрбір тарих адамдарды жақындастырып, ортақ құндылықтар аясында тоғыстыра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
https://www.instagram.com/reel/DUtTH5ZjFCe/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==
