WorldSkills Kazakhstan-2023: Павлодар командасының жеңімпаздары облыстық білім беру басқармасының Алғыс хаттарына ие болды

«WorldSkills Kazakhstan-2023» ұлттық чемпионатының қорытындысы бойынша Павлодар облысы үздік бестікке енді. Облыс құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 5 қола және 10 медаль жеңіп алды.

Павлодар командасының жеңімпаздары облыстық білім беру басқармасының Алғыс хаттарына ие болды.

Марапаттау рәсімі Б. Ахметов атындағы Павлодар жоғары педагогикалық колледжінің қабырғасында өтті.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина студенттерді чемпионаттың сәтті аяқталуымен құттықтады.

«Осындай келешегі зор болашақ мамандарды тәрбиелеп отырған ата-аналарыңызға, ұстаздарыңызға, колледж директорларына, мамандарыңызға алғысымыз шексіз», – деп атап өтті Самал Оспанқызы.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 23-25 қарашасы аралығында Астанада WorldSkills VIII Республикалық Қазақстан чемпионаты өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 545 колледж студенті мен 510 сарапшы қатысты.
Павлодар облысының намысын облыстағы білім ошақтарынан келген 29 студенттен тұратын команда қорғады.

Ол чемпионатта ұсынылған 30 құзыреттіліктің 28 түрі бойынша өнер көрсетті.

«WorldSkills Kazakhstan-2023» жеңімпаздарының қатарында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенті Герман Кресс те бар. Герман «Электрмонтаждау» мамандығы бойынша қола медальға ие болды. Сарапшы тәлімгер ретінде Граф Леонид Владимирович болды.

Жеңімпаздар 2024 жылдың 10-15 қыркүйегі аралығында Францияның Лион қаласында өтетін WorldSkills халықаралық чемпионатына жолдама алады.

Like this post? Please share to your friends:
Jaıaý Musa atyndaǵy Aqsý joǵary kópsalaly koleji