12 ақпанда Ақсу қаласындағы колледжде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған республикалық ақпараттық науқан аясында «Қауіпсіздіктегі әйелдер» атты дөңгелек үстел өтті.

Тағылымды шара студенттер мен құқық қорғау органдарының өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, ашық әрі мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Кездесуде Ақсу қаласы ПБ-нің ҚҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобының аға инспекторы, полиция капитаны Аруна Калиева және топ инспекторы, полиция лейтенанты Индира Аипова сөз сөйледі.
Тәртіп сақшылары сталкинг мәселесіне кеңінен тоқталып, оның белгілері мен салдары, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама талаптары, жәбірленушілерді қорғау тетіктері мен көмекке жүгіну тәртібі егжей-тегжейлі баяндалды.

Кездесу барысында қатысушылар құқықтық мәселелермен қатар, қоғамда әйелге деген құрмет пен ізеттілік мәдениетін қалыптастырудың маңызын да талқылады. Осы орайда колледж басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Мусатова-Албот студент қыздарға құрмет пен қолдау құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «QURMET» республикалық челленджі туралы айтып берді. Колледж педагогтері мен білім алушылары бұл бастамаға белсенді түрде атсалысуда.
Дөңгелек үстел жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолындағы маңызды қадамға айналды.
